
Бокспен де айналысып көруім мүмкін – Елена Рыбакина
Елена Рыбакина Ролан Гаррос турниріндегі екінші жеңісінен кейін пікір білдірді.
Қазақстандық теннисші алдымен бүгінгі қарсыласы, чехиялық Линда Носкова туралы айтты.
- Оның ойынын өткен жылы көргенмін, хард төсенішінде тым тәуір табыстарға қол жеткізді. Біз бұған дейін еш уақытта бірге жаттыққан емеспіз, жолымыз да түйісіп көрмепті. Бүгін де ол жақсы ойнады, әсіресе, доп бергенде әбжілдік танытты. Мен өзім доп бергеніме онша риза болған жоқпын. Дегенмен жеңгеніме қуаныштымын.
- Қазақ елінің туын жоғары көтеріп жүрген бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин бар. Өзің бокспен айналысып көрдің бе? Бокс пен теннисті жақындастыратын ұқсастықтар бар ма, айырмашылықтары қандай? Екі аптаға созылатын Ролан Гаррос турнирінде қарсыластардың бәрін «нокаутқа» жібере аласың ба?
- Әрине, Геннадийді білемін. Онымен ешқашан кездескен емеспін, дегенмен тамаша спортшы. Бокспен шұғылданып көрмеппін. Бәлкім, жаттығып көру пайдалы болар. Ол да – жылдам қимылды қажет ететін спорт түрі. Теннисте де бокс сияқты өте тез қозғалып, жылдам ойлау керек. Бәлкім, бокспен де айналысып көрермін (күледі).
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.