Теннистен әлем чемпионаты іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдері Аустралиямен кездеседі
Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша әлем чемпионаты іріктеу турнирінің топтық бәсекелері аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жасөспірімдер D тобында соңғы матчында Өзбекстан құрамасын 2:0 есебімен ұтты.
Бастапқы кездесуде Заңғар Нұрланұлы Нуриддин Бахтиёровті 6:4, 7:6 (7:3) есебімен тізе бүктірді. Содан кейін Әмір Омарханов Сухроб Саидовты жеңді – 6:3, 6:2.
Жеребе қорытындысына сәйкес ертең, 11 мамыр күні ширек финалда Сергей Квактың шәкірттері Аустралия құрамасымен кездеседі. Аустралия – 16 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатын 6 рет ұтқан өте мықты қарсылас.
Ширек финалда сондай-ақ Оңтүстік Корея – Үндістан, Өзбекстан – Таиланд, Гонконг – Жапония командалары шеберлік байқасады. Азия – Тынық мұхит аймағынан үздік төрт құрама әлем чемпионатына жолдама алады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.