Елена Рыбакина Цинциннатиде «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін чемпионын ұтты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 9-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарыстарының (Ролан Гаррос - 2016, Уимблдон - 2017) екі дүркін чемпионы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы Уимблдон додасының биылғы жеңімпазы Елена бірінші партияда 5:1 есебімен алға кетті. Мугуруса бір брейк жасағанымен, Елена сетті өз пайдасына шешті - 6:3. Екінші партияда да Рыбакина 3:1 есебімен алға шықты. Тағы бір брейк - 4:1. Ақыры матчты тағы бір брейкпен тәмамдады - 6:1.
Елена Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, америкалық Элисон Рискемен кортқа шығады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.