Арбадағы теннис шеберлері Ақтаудағы халықаралық турнирлер сериясында бақ сынауда

14.05.2026    Оқылғаны: 107
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Ақтауда ITF Wheelchair Tennis Tour аясында үш кезеңнен тұратын халықаралық жарыстар сериясы басталды. Корт төрінде Еуропа мен Азияның 60-тан астам кәсіби спортшысы, соның ішінде Қазақстанның үздік арбадағы теннис шеберлері өзара мықтыны анықтауда.

Турнирдің деңгейі өте жоғары: әр кезеңде ITF әлемдік рейтингіндегі топ-100-ге кіретін спортшылардың қатысуы жарыстың маңыздылығын арттыра түседі. Тығыз әрі сапалы жарыс кестесі спортшыларға қысқа мерзімде рейтингтік ұпайларды жинауға мүмкіндік береді, бұл Ақтаудағы турнирлер сериясын әлемдік паратеннис күнтізбесіндегі маңызды оқиғаға айналдырды.


Жарыс циклін 13-16 мамыр аралығында өтіп жатқан Rixos Water World Aktau Open турнирі ашты. Қазірдің өзінде қатысушылар рейтингтік ұпайлар мен жүлделі орындар үшін тартысты ойын көрсетуде.

Одан кейінгі бәсекелерді KPMG Open турнирі өз еншісіне алады. Қазақстанда екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған бұл жарысқа KPMG Кавказ және Орталық Азия компаниясы қолдау білдіріп, елімізде инклюзивті спортты дамытуға сүбелі үлес қосуда. Бұл кезеңде Жапония, Тайланд, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, Шри-Ланка елінің үздіктері мен Қазақстанның арбадағы теннис шеберлері арасындағы тартысты бәсекеге куә боламыз.



Серияның түйінін 23-26 мамыр аралығында өтетін Zijin RG Gold Open турнирі тарқатады. Жарысқа бұған дейінгі спортшылармен қатар Малайзия мен өзге де елдердің өкілдері қосылады. Бұл кезеңнің статусы өте жоғары: қатысушылар арасында әлемдік рейтингтің топ-100-ге кіретін 14 теннисшісі бар. Турнир серіктесі – Zijin RG Gold компаниясы корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің бөлігі ретінде әлемдік деңгейдегі спортшылардың Қазақстанда шеберлігін шыңдауына лайықты жағдай жасауды көздейді.

Үш турнир де халықаралық ITF WC50 сериясының аясында өтуде. Ұйымдастырушылар паралимпиадашылар үшін әлемдік деңгейдегі қарсыластармен бәсекелесетін кәсіби орта қалыптастыруды басты мақсат тұтады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт мәдениетін дамыту – серіктес компаниялар KPMG Кавказ және Орталық Азия, Rixos Water World Aktau және Zijin RG Gold үшін басым бағыт болып қала береді.

 


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.



Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер