
Заңғар Нұрланұлы Германиядағы J500 турнирінің ширек финалына шықты
Германияның Оффенбах қаласында өтіп жатқан жоғары санатты ITF Juniors J500 турнирінде ширек финалға жолдама алған ойыншылар анықталды. Жарыстың бірінші нөмірлі ракеткасы, қазақстандық Заңғар Нұрланұлы үшінші айналымнан сүрінбей өтті.
Ширек финал жолдамасы сарапқа салынған бәсекеде Заңғар (7 ITF Juniors) латвиялық Рихардс Нейманиспен (50 ITF Juniors) шеберлік байқасты. Екі сағатқа созылған тартысты кездесу отандасымыздың пайдасына шешілді – 6:3, 7:6 (8:6).
Матчтың екінші сеті аса шиеленісті өтті. Тай-брейк кезінде Нейманистің екі сетболды пайдаланып, таразы басын теңестіруге мүмкіндігі болған еді. Алайда, сымбатты ойын үлгісін көрсеткен Заңғар қауіптің бетін қайтарып, жеңісті жұлып алды. Осылайша, Нұрланұлы латвиялық теннисшімен өзара кездесулеріндегі басымдығын арттыра түсті – 3:0.
Енді жартылай финал жолдамасы үшін қазақстандық теннисші испаниялық Тито Чавеспен (24 ITF Juniors) күш сынасады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

























