Қазақстан теннисі - 2025: серпілістер, рекордтар және тарихи жетістіктер маусымы 

17.12.2025    Оқылғаны: 420
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
2025 жылғы теннис маусымы Қазақстан үшін ең табысты жылдардың бірі болды: жеңістер, рейтингілік көтерілулер, бұқаралық спорттың өсуі және жаңа даму бағдарламаларының іске қосылуы. ҚТФ баспасөз қызметі өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, басты оқиғаларын атап көрсетеді.

2025 жыл Қазақстан құрамасының жетекші ойыншылары үшін аса табысты болды. Елена Рыбакина жекелей сында WTA Finals қорытынды турнирін ұтқан алғашқы қазақстандық теннисші ретінде өз есімін тарихқа жазды. Бұдан бөлек, Елена қоржынын Страсбург пен Нинбода WTA 500 санатындағы қос бірдей жарыстағы жеңісімен толықтырды. Александр Бублик тамаша ілгерілеуге қол жеткізді.  Ол осы маусымда екі рет топырақ төсенішіндегі ATP 250 турнирінде жеңімпаз атанып, Ролан Гарроста ширек финалға дейін жетті. Парижде мастерс турнирінің жартылай финалында ойнап, Гуанчжоуда ATP 250 титулын ұтып алды. Бұдан бөлек, Бублик көгалдағы төсеніште мықты ойыншылардың бірі екендігін дәлелдеп, Галледе ATP 500 жарысында тамаша ойнап, екінші рет үздік шықты. Бұл озық нәтижелер оның әлемде ТОП-15-те орнығуына мүмкіндік берді.  Анна Данилина спорттық жолындағы үздік маусымдардың бірін өткізіп, жұптық сында Ролан Гарростың финалына дейін жетті және екі рет WTA 250 титулын жеңіп алды. Бейбіт Жұқаев алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирі – Уимблдонның негізгі жарысында бақ сынады. Ал Тимофей Скатов жекелей сында челленджер жарысындағы үшінші титулын иеленді.  Зарина Дияс 2026 жылғы Аустралия ашық чемпионатына жолдама алды. Бұған ол Қытайдағы The Australian Open Asia-Pacific іріктеу сайысында қол жеткізді, онда жеңімпазға Australian Open негізгі турниріне  wild card алуға мүмкіндік берілді. Заринаның Аустралия ашық чемпионатындағы үздік нәтижесі – 2014, 2015, 2020 және 2021 жылдардағы үшінші айналым екендігін атап өтеміз.

Қазақстан құрамасы
Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихында үшінші рет командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде ойнады. Қазақстан командасы ширек финалда әлемдегі үздіктердің бірі – АҚШ құрамасына жол берді. Дегенмен бұл нәтиже алға жылжудағы маңызды қадам болды. Табысты  өнер көрсетуі нәтижесінде Қазақстан ұлттық әйелдер құрамалары арасында ТОП-10-да орнықты. Қазақстан теннисінің халықаралық аренадағы табысы тек ересек құрамамен шектеліп қалған жоқ. Бозбалалар құрамасы 14 жасқа дейінгілер арасында Чехияның Простеев қаласында әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысты. Ал 16 жасқа дейінгілер арасында қыздар командасы Чилидегі Билли Джин Кинг кубогында ел намысын абыроймен қорғап, ірі әлемдік жарыстан мол тәжірибе жинақтады. 

Жастар табыстары
Маусым бойы ірі турнирлерде өздерін көрсете білген жастар жарқын жеңістерімен тағы да қуантты. 18 жастағы Әмір Омарханов өз спорттық жолындағы маңызды жеңісіне қол жеткізді. Ол ересектер арасында Монастир (Тунис) ITF M15 турнирінде чемпион атанды. Әмір үшін бұл ерлердің кәсіби турында жекелей сындағы алғашқы трофейі әрі шеберлігін шыңдаудағы маңызды қадам болды. 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жекелей сында жасөспірімдер арасында «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына шыққан алғашқы қазақстандық теннисші атанды.  Тарихи нәтиже US Open жарысында тіркелді, онда Заңғар тартысты бәсекеде болашақ чемпионға жол берді. Америкадағы «Үлкен дулығадан» кейін жас қазақстандық өз деңгейінің жоғары екендігін дәлелдеп, Оңтүстік Кореяда қос бірдей ITF Juniors J300 және J200 жарысында үздік шықты. Ванджудағы J300 турнирі 18 жасқа дейінгілер арасында Азияның ресми емес чемпионаты болып есептеледі. Ақтөбе қаласы теннис мектебінің түлегі, 14 жастағы Ахмади Мақанов та халықаралық аренада тамаша табысқа қол жеткізді. Ол Майамиде өткен Eddie Herr International Junior Championship беделді жасөспірімдер турнирінің жартылай финалына шыққан алғашқы қазақстандық теннисші атанды. Бұдан бөлек, Ахмадидың есебінде Стокгольмде 14 жасқа дейінгілер арасында дәстүрлі түрде Tennis Europe  супер санаты бойынша бойынша өтетін Король кубогында жекелей сындағы жеңісі де бар. 

Инклюзивті теннис
Қазақстан теннис федерациясы 2022 жылдан бастап елде инклюзивті теннисті дамытуға сенімді бағыт ұстап, оны балалар мен ересектер үшін қолжетімді етуге күш салды. Мамыр айында «Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы» РҚБ-ның (ЛИН спорт федерациясы) қолдауымен Астанадағы «Дәулет» теннис орталығында интеллектуалдық бұзушылығы бар спортшыларға арналған ірі халықаралық жарыс – теннистен Virtus әлем чемпионаты өткізілді. Тарихта алғаш рет әлем біріншілігі Орталық Азияда ұйымдастырылды. Турнирге 8 елден: Қазақстан, Ұлыбритания, Бельгия, Аустралия, Польша, Италия, Үндістан, Франциядан Virtus мықты спортшылары қатысты. Жарыс II1, II2 және II3 санаттары бойынша жекелей, жұптық және командалық сында болды. Маусым айында Астанада арбадағы теннистен ITF Futures Series - KPMG Open халықаралық турнирі өткізілді. Жарысқа 11 елден: АҚШ, Жапония, Аустралия, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан, Польша, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Қазақстаннан спортшылар қатысты.    
Айжан Бітімбаева арбадағы теннисшілер арасында ITF рейтингісінде ТОП-100-ге кірді.  Бұл – Қазақстан үшін тарихи нәтиже. Өйткені ол қазақстандықтар арасынан алғашқы болып үздік жүздікке кірді, желтоқсан айының аяғында Айжан 93-орында тұр. 

Халықаралық мойындау: Қазақстанның әлемдік теннистегі орнының нығаюы 
2025 жыл Қазақстан үшін жарқын спорттық жеңістер ғана емес, сонымен қатар елеулі түрде халықаралық мойындау маусымы болды. Қазақстан жаһандық теннистегі өз орнын нығайта түсті. Қазақстан Халықаралық теннис федерациясындағы (ITF) дауыс санын көбейтті. ITF жыл сайынғы жалпы жиналысында 200 ұлттық федерация өкілдері Қазақстан рөлін нығайту жөніндегі бастаманы қолдады.  Шешім басым көпшілік дауыспен (91 пайыз) қабылданды. Ең жоғары дауыс саны 12 болса, Қазақстанға берілген дауыс саны жетіден тоғызға дейін ұлғайтылды. Бұл әлемдік теннис құрылымына ықпал ету жөнінен екінші деңгейге сәйкес келеді. Енді Қазақстан тоғыз дауысы бар 15 елдің қатарына кіреді. Яғни Италия, Чехия, Канада, Испания, Швеция, Швейцария, Қытай, Жапония және басқа елдермен бір қатарда. Бұл дауыс беру жүйесі әлемдік теннистің дамуын қалыптастыратын шешуші шешімдерге елдің ықпалын айқындайды. Осылайша, Қазақстан теннистің жалпы даму және халықаралық аренада ықпал ету деңгейі жөнінен әлемдегі 10 елдің қатарына ресми түрде енді.

Қазақстан және Түркия теннис федерациялары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы маңызды қадам болды. Ынтымақтастықты кеңейту, тәжірибе алмасу мен теннисті халықаралық аренада бірлесіп ілгерілетуге бағытталған құжатқа ҚТФ президенті Болат Өтемұратов пен ТТФ президенті Шафак Мюдеррисгил қол қойды. Бұл келісім екі елдің арасында бапкерлер тәжірибесімен, бірлескен жобалармен алмасу және жастар бағдарламаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. 

Халықаралық кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) марапаты тағы бір маңызды мойындау болды. Турин қаласында (Италия) ATP Awards 2025 марапаттарын тапсыру рәсімінде Almaty Open турнирі «Standards of Excellence» – «Ұйымдастырудағы үздік сапа үшін» марапатын алды. Мұндай марапатты сервис, ұйымдастыру, инфрақұрылым және команданың кәсібилігі бойынша ATP ойыншылары ең жоғары бағалаған турнирлер ғана алады. 2025 жылы Almaty Open әлемде ATP 250 сериясындағы үздік турнирлердің бірі ретінде мойындалды, бұл Қазақстанның жоғары талаптарға сәйкес келетін әлемдік деңгейдегі жарысты қабылдауға қабілетті ел ретіндегі мәртебесін нығайтты. 

Теннистік инфрақұрылым және даму 
«Алатау» жаңа теннис орталығы – Алматыдағы  ірі орталық. Оның ашылуы спортты дамыту мен салауатты өмір салтын ілгерілетудегі маңызды қадам болды. Нысан қаланың спорттық инфрақұрылымының деңгейін көтеріп қана қоймай, кәсіби теннисшілерді даярлап, халықаралық турнирлерді өткізуде, жастарды спортқа тартуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Орталық барлық жастағы кәсіби және әуесқой теннисшілердің жаттығуына, сондай-ақ түрлі деңгей мен санаттағы турнирлерді өткізуге бағытталған. Оқыту үдерісіне білікті бапкерлер тартылған, бұл теннисшілерді даярлау мен бұқаралық спортты дамытуда барлық жағдайды жасайды. Нысанның ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов, сондай-ақ  Almaty Arena  стадионында 11-19 қазанда өткен АТР 250 Almaty Open турниріне келген кәсіби теннисшілер Даниил Медведев, Карен Хачанов, Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев және Флавио Коболли қатысты. Теннисшілер балалармен шеберлік сағатын өткізіп, жаңа теннис орталығы аумағында ағаш отырғызды.
Нысан Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен салынды. Жаңа теннис орталығы оңтүстік астананың халық көп қоныстанған Алатау ауданында орналасқан. Заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген орталық халықаралық талаптарға сай келеді. «Алатау» жаңа теннис орталығының жалпы ауданы 5 000 шаршы метрден асады. Онда 14 корт орналасқан, соның ішінде төртеуі жабық, төртеуі ашық хард төсенішіндегі, сондай-ақ алтауы топырақ төсенішіндегі ашық корттар. Теннис орталығында тренажер залы, медициналық кабинет, конференц-зал, әкімшілік бөлік бар. Көшедегі корттарда 150 орындық, жабық залдарда 100 орындық мінбер орнатылған. Спорттық нысан күніне 500 адамға дейін қабылдай алады. Бұдан бөлек, Қазақстан теннис федерациясы және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Петропавл теннис орталығы жөнделді. Бұл нысан бірнеше жыл бойы қанағаттанғысыз жағдайда болды, жабындағы жарықтар мен тесіктер балалардың жаттығуына мүмкіндік бермеді. Жөндеу жұмыстары Қазақстан Тәуелсіздігі күні қарсаңында аяқталды, барлық ақаулар жойылды. 
Биыл Қазақстан теннис федерациясы мектепке дейінгі балалар ұйымдарында Baby Tennis бағдарламасын белсенді енгізе бастады. Baby Tennis – балаларды үш жастан бастап теннис негіздері мен дағдыларына үйретудегі жаңашыл тәсіл. Алайда мұнда әңгіме үлкен ракеткалармен, қатты доптармен әдеттегі жаттығулар туралы емес, балдырғандарды ойын мен қозғалыс арқылы дамытуға бағытталған жұмсақ та қауіпсіз, сонымен бірге қызықты бағдарлама жөнінде. Baby Tennis сияқты ерте дамыту бағдарламалары балалардың бойында спортқа және салауатты өмір салтына деген ынта-ықыласты қалыптастыруға тамаша жағдай жасайды. Бұл бастамаға ҚТФ президенті Болат Өтемұратов жеке қолдау көрсетті, ол бағдарламаны еліміздің барлық балабақшаларында белсенді енгізуді тапсырды. Еске салайық, аталған бағдарлама алғаш рет Ақтөбе облысында табысты жүзеге асырылды. Содан кейін сабақтар балалар үшін Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Өскемен, Орал, Шымкент, Қостанай, Лисаковск, Павлодар, Екібастұз, Түркістан, Қарағанды, Талдықорғанда қолжетімді болды. Қазірдің өзінде елімізде 93 балабақша қамтылған. Тек Астанада бір жылға жетпейтін мерзімде  Baby Tennis бағдарламасымен 12 балабақша қамтылды, болашақта Қазақстанның барлық мемлекеттік балабақшаларын тарту көзделіп отыр. Биылғы сәуірде № 42 «Бәйшешек» балабақшасында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен (ҚР ОАМ ҰҒПДТО) бірлесіп Baby Tennis бағдарламасы іске қосылды, сондай-ақ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.  Соның аясында Қазақстан теннис федерациясы алдағы уақытта ҚР ОАМ ҰҒПДТО-мен бірлесе отырып, аталған бағдарламаны еліміздің басқа балабақшаларында белсенді енгізетін болады.  Жобаны жүзеге асыру үшін ҚТФ мектепке дейінгі ұйымдарға барлық қажетті спорттық жабдықтар, соның ішінде теннис торлары, ракеткалар мен доптарды береді. Аталған жобаның жаңадан қаз басып келе жатқанына қарамастан, қазірдің өзінде жаттығулардың балалардың үйлесімділігі мен ептілігін, тіпті тәртібін жақсартуға септесетінін атап өтуге болады.  Балабақшаларда Baby Tennis бағдарламасы аяқталғаннан кейін  балалар бұл тамаша спорт түрімен елде жұмыс істейтін теннис орталықтарында айналысуды жалғастыра алады.
Gorky Tennis Park орталығының әлемдегі ең беделді теннис турнирлерінің бірі Roland Garros ресми клубы мәртебесін алуы маңызды оқиғаның бірі болды. Gorky Tennis Park осындай атаққа қол жеткізген әлемдегі үш клубтың бірі атанды. Әріптестік Франция теннис федерациясы және Gorky Tennis Park арасында ресми келісіммен бекітілді.
Бұдан былай Gorky Tennis Park төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі — Франция ашық чемпионатын ұйымдастыру мен өткізуге байланысты құрылымның бөлігіне айналады. Әлемдегі ең беделді теннис турнирлерінің бірімен байланысы арқасында қазақстандық орталық Roland Garros ресми клубы ретінде әлемдік теннис қауымдастығында таныла түсетін болады. Әріптестік аясында Gorky Tennis Park Орталық және Батыс Азия елдері үшін Roland Garros Junior Series by Renault іріктеу кезеңін өткізу құқығына ие болды. 

Бапкерлер мен төрешілер біліктілігін арттыру 
Шымкент қаласындағы Beeline Arena теннис орталығында сәуірде бапкерлер үшін ITF Level 3 курсы өткізілді. Аталған курс шеберлігі жоғары ойыншыларды даярлау барысында өз білімін тереңдетіп, біліктілігін арттырғысы келетін тәжірибелі теннис жаттықтырушыларына арналған.  Оқуға Қазақстанның барлық облыстарынан 26, Беларусьтан 3, Ресейден 1 бапкер қатысуда. Курста әлемдік мамандар Ирина Чичмарова (Беларусь) және Хрвое Змаич (Хорватия) дәріс береді. Қазақстанда Level 3 деңгейіндегі курс алғаш рет өткізілуде. Бұл Батыс және Орталық Азиядағы осындағы деңгейдегі бірінші курс деуге болады.    
Қазақстанда қазылықты дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Қазақстандық төрешілер Дамир Дүйсенбаев пен Эльвира Исламғалиева қараша айының аяғында  Бахрейнде Халықаралық теннис федерациясынан (ITF) мінбедегі халықаралық төреші мәртебесіне сай келетін White Badge Chair Umpire ақ белгісін алды. Қазақстан бүгінде мықты төрешілер корпусымен орынды мақтана алады. Ең жоғары күміс белгі (Silver Badge) біздің елде Меруерт Кәукеева мен Юлия Игнатченкода бар. Бұл мамандар «Үлкен дулыға» турнирлерінде, Олимпиада және Азия ойындарында, сондай-ақ ATP және WTA жарыстарында төрелік ете алады. Өткен жылы қола белгіні (Bronze Badge) Владлена Саменкова алды, бұл да қазақстандық төрешілер қауымдастығы үшін маңызды жетістік болып есептеледі.
 
Almaty Open ATP 250
Almaty Open ATP 250 турнирінің табысты өтуі өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларының бірі ретінде есте қалды. Almaty Open ATP 250 – 2025  турнирі ірі спорттық оқиға ғана емес, бренд пен медиа үшін маңызды халықаралық алаңға айналды. Қазақстанның ашық, заманауи және спорты дамыған ел ретіндегі беделін нығайтты.  Турнирді 40 елде телеканалдар тікелей эфирде көрсетті. Журналистер, блогерлер және операторларға барлығы 160-тан астам аккредитация берілді. Аккредиттеуден өткендер арасында Еуропа, Қытай, АҚШ, Ресей, Түркия және басқа елдердің жетекші әлемдік спорт және жаңалық агенттіктері бар. Даниил Медведев финалда франциялық Корентен Мутені 7:5, 4:6, 6:3 есебімен ұтып, 2025 жылғы Almaty Open ATP 250 турнирінің жеңімпазы атанды. Бұл – оның спорттық жолындағы 21-титулы және финалдағы ұзаққа созылған жеңілістер сериясын үзді.

Міне, 2025 жыл осылай болды. Алда бізді жаңа маусым күтеді. Ол қазақстандық теннис үшін маңызы бұдан да кем емес оқиғаларға толы, табысты маусым болады деп сенеміз.

Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер