Тенниспен айналысу қолжетімді

06.05.2020    Оқылғаны: 852
Дереккөз:
Автор:
Осыған дейін Қазақстан теннис федерациясы 10 жасқа дейінгі балаларға арналған бағдарламаны іске қосып, еліміздің түкпір-түкпірінен талантты балаларды жинаған еді. Енді «Baby tennis» жобасы пайда болып, балақайлардың теннис спортымен еркін айналысуына мүмкіндік ашылып отыр. Ол аз десеңіз үйірмеге қатысқысы келетін балаларға теннис ракеткасы да тегін беріледі. Ұлттық теннис орталығының бапкері Айя Нұрланқызы қатып қалған қағиданы бұзатын кез келді деп есептейді. 

«Бұл «Baby tennis» жобасы арқылы Қазақстан теннис федерациясы ауқымды іс атқармақшы. Біріншіден, осы спортпен айналысатын балалардың санын арттыру. Екіншіден, теннис қымбат спорт түрі деген қағиданы бұзу. Көптеген ата-ана теннис үйірмесіне келуге қорқады екен. Бірақ, тенниспен айналысу қолжетімді, әрі аса қымбат емес. Сонымен қоса, жаттығуға келген балақайға біз ракетка мен допты тегін береміз. Сондықтан да, балаларыңызды тенниске әкелуден еш қорықпаңыздар», - дейді жаттықтырушы.

Теннис федерациясының басшысы Болат Өтемұратовтың бастауымен еліміздің облыс орталықтарында, халық саны көп, маңызды қалалардың барлығында теннис орталықтары ашылды. Кейбір қалаларда теннис үйірмесіне қатысамын деп өтініш берген балалар саны мыңнан асып жатады. Ал енді жақын арада «Babу tennis» жобасы арқылы 3 пен 5 жастағы балақайлардың өзін теннис спортына баулитын болады. Мектеп жасына жетпеген балалардың бойына теннис әліппесін құю арқылы болашақ спортшыларды тәрбиелеу жобаның басты мақсаты.

«Осы жоба арқылы біз тенниспен айналысатын адам санын ғана көбейтпейміз, сонымен бірге теннис әдістемешілерін, жаттықтырушыларын да көбейтеміз. Бұл мемлекеттік бағдарламаға айналып кетсе, түбі теннис бумына алып келеді. Мысалы, жақын арада Нұр-Сұлтан қаласындағы 8 балабақшаға осы жобаны енгіземіз. Олардың арасында үздік ойыншылар мен жаттықтырушыларды анықтап, арнайы курсқа жібереміз. Таланты бар балақайларды іріктеп, олардың алдағы уақытта дамуына зейін қоямыз» - дейді Айя Нұрланқызы.

Әлбетте, ел астанасындағы 8 балабақша өте аз болатыны анық. Алғашқы қадам осылай жасалып, теннис үйірмесі бар балабақшалар еліміздің әр өңірінде болады. Ол жерде дайын доптар мен ракеткалар беріледі. Осы жағдайды жасау үшін де біршама қажыр-қаракет керек. Елордадағы «Ақбұлақ-3», «Қарлығаш», «Сана», «Сказка», «Алпамыс», «Mega Kids», «Ақбөпе-2», «Baby village» балабақшалары теннисті балақайларға қолжетімді бағада үйрететін алғашқы мекемелер болады.  

Ермұхамед Мәулен

Толығырақ: https://inbusiness.kz/kz/news/tennispen-ajnalysu-tegin-bolady

Будьте в курсе всех событий казахстанского тенниса, следите за новостями на нашем сайте и подписывайтесь на наши социальные сети Instagram, Facebook и YouTube канал.