Болат Өтемұратов

Болат Өтемұратов Президент

Өмірбаян

Болат Өтемұратов – кәсіпкер және меценат.

2007 жылдан бастап Қазақстан теннис федерациясының президенті.

2015 жылдан бастап Болат Өтемұратов Халықаралық теннис федерациясы (ITF) мен «Дэвис кубогы» комитеті Директорлар кеңесінің құрамына кіреді.

2017 жылы оның теннисті дамытуға жұмсаған күш-жігері бағаланып, Халықаралық теннис федерациясы мен Азия теннис федерациясының «Қазақстанда теннисті дамытудағы жетістіктері үшін» марапатына ие болды.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап ITF вице-президенті (2023 жылы желтоқсанда қайта тағайындалды).

Болат Өтемұратов Қазақстанда теннисті дамытуға, жаттықтырушыларды даярлауға, теннис инфрақұрылымын салуға және жас талантты спортшыларды даярлаудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеуге 200 миллион доллардан астам инвестиция салды. Бұл тәсіл өте тиімді болып шықты. Ұлттық құрама ойыншылары – Елена Рыбакина, Александр Бублик, Анна Данилина, Юлия Путинцева, Жібек Құламбаева және басқалардың негізгі жетістіктерімен қатар жасөспірімдер де жоғары нәтижелер көрсетуде. Елена Рыбакина 2022 жылы Wimbledon және 2026 жылы Australian Open турнирлерінде жеңіске жетті. Қазіргі уақытта әлемдік WTA рейтингіндегі оның ең жоғары позициясы жекелей сын бойынша екінші орын болып отыр. Александр Бублик тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет жеке сында әлемдік ATP рейтингінің үздік ондығына кірді. Анна Данилина WTA 1000 турнирлерінің жеңімпазы және Үлкен дулыға турнирлерінің финалисі атанып, Қазақстанның әлемдік жұптық теннистегі орнын нығайтты.
 
Жасөспірімдер деңгейінде де Қазақстан өз позициясын дәйекті түрде нығайтуда. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер командасы әлемдік біріншілікте төртінші орынға қол жеткізген соң және бозбалалар мен қыздар құрамасының жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогы мен Billie Jean King кубогының финалдық кезеңдеріне шыққаннан кейін қазақстандық теннисшілер Үлкен дулыға турнирлерінде үнемі жоғары нәтижелер көрсетуде. Заңғар Нұрланұлының жасөспірімдер арасындағы Australian Open турнирінің жартылай финалына шығуы тарихи жетістік болды. Сонымен қатар халықаралық аренада Әмір Омарханов, Дамир Жалғасбай, Даниал Рахматуллаев, Соня Жиенбаева және ірі жасөспірімдер турнирлерінде табысты өнер көрсетіп, біртіндеп кәсіби деңгейге өтіп келе жатқан жаңа буынның басқа да өкілдері жоғары нәтижелер көрсетуде.

2019 жылдың қазан айында Астанада Новак Джокович пен Рафаэль Надальдың қайырымдылық көрнекі матчы өтті. Сол күні атақты теннисшілер елордаға еліміздің барлық өңірлерінен келген жас қазақстандық теннисшілерге арнап шеберлік сабағын өткізді.

2020 жылдың 26 қазаны мен 1 қарашасы аралығында Астанада ATP 250 Astana Open бірінші халықаралық турнирі өтті. Қазақстан теннис федерациясының жұмысы АТР Tour турнирінің жоғары бағасын алды. 2021 жылы ATP 250 және WTA 250 back-to-back турнирлері өткізіліп, Қазақстанда ATP 250 турнирін өткізуге тұрақты лицензия сатып алынды. 2022 жылы Бейжіңдегі турнирдің тоқтатылуына және Астанадағы турнирдің беделінің жоғары болуына байланысты ATP турнир санатын ATP 500-ге дейін уақытша көтеруге келісті. ATP 500 Astana Open турниріне Новак Джокович, Карлос Алькарас, Даниил Медведев және Стефанос Циципасты қоса алғанда, үздік 10-ның 6 ойыншысы қатысты.

2024 жылы ATP 250 турнирі тұңғыш рет Алматыда өтті. Іс-шараға 50 мыңнан астам адам қатысты. АТР өкілдері мен ойыншылардың өздері Қазақстанда турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті: Almaty Open турнирі корттардың сапасы, киім ауыстыратын бөлмелердің қолайлылығы, көрермендердің қолдауы, жайлы ахуал және т. б. секілді 30-дан астам көрсеткіштер бойынша 2024 жылғы 3 үздік турнирдің біріне айналып, ойыншылардың жоғары бағасына ие болды.

Қайырымдылық қызмет:

2014 жылы Болат Өтемұратов қоры құрылды, оның мақсаты - Қазақстанда денсаулық сақтау, білім беру және мәдениетті дамытуға жәрдемдесу арқылы өмір сүру сапасын тұрақты жақсартуды қамтамасыз ету. Қор жүзеге асырған жобалардың жалпы құны 240 миллион доллардан асады.

Қор аутизм спектрі бұзылған балалар үшін (АСБ) ерте араласу бағдарламаларын және олардың отбасыларына қолдау көрсетуді көздейтін «Аутизм. Баршамызға бір әлем» флагмандық жобасын жүзеге асыруға 16 миллион доллардан астам қаражат бөлді. Он жыл ішінде АСБ бар 20 000-нан астам бала 13 «Асыл Мирас» аутизм орталығының қолдауын көрді.

Қор Қазақстандағы географиялық тұрғыдан өңірлерді кең қамтитын әрі түрлі қызмет салаларында көптеген жобаларды іске асыратын санаулы ұйымдардың бірі болып табылады. Осы ұстанымының арқасында Қор төтенше жағдайларды қоса алғанда, көмеке мейлінше мұқтаж жерлерге жедел көмек қолын соза алады. Қор жергілікті деңгейде шұғыл көмек көрсетумен қатар, 2023 жылы Түркияға жер сілкінісінің жойқын зардаптарын жеңуге көмектесу үшін 5 миллион доллар бөлді. 2023 жылдың қазан айында Костенко атындағы шахтада жарылыстан қаза тапқан кеншілер отбасыларына 1 миллион доллар бөлді.

2024 жылы Қор Қазақстандағы алапат су тасқынының салдарын жоюға 26 миллион доллардан астам қаражат бөлді. Бұл қаражат зардап шеккендерге алғашқы қажетті көмек көрсетуге және Ақтөбе мен Ақмола облыстарында 500 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталды. Өңірлік дамуды қолдау мақсатында Қор еліміздің әртүрлі өңірлерінде 133 миллион АҚШ долларынан астам сомаға мемлекетке өтеусіз беру арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар жобаларға бастамашылық жасады.
 
2023 жылдың қыркүйегінде Қосшы қаласында Қор қаражатына салынған жаңа мектеп ашылды. Ол «жайлы мектеп» ұлттық стандартының талаптарына сәйкес келетін алғашқы мектеп болды. 2024 жылдың қыркүйегінде Алматы облысында тағы да екі мектеп ашылды, ал қараша айында Қызылордада жаңа әуежай іске қосылды. 2025 жылдың наурыз айында Қосшыда 1000-нан астам адам сыятын және ауданы 8,5 мың шаршы метр болатын жаңа қоғамдық-мәдени орталық ашылды. Орталық спорттық, білім беру және демалыс кеңістігінен тұрады. Сонымен қатар, 2026 жылы Жезқазған қаласына жалпы ауданы 2 600 шаршы метрді құрайтын «Шабыт» заманауи балалар мен жасөспірімдерді дамыту орталығы берілді.
 
Қайырымдылық қызметінен бөлек, Болат Өтемұратов білім беру саласындағы жобаларға қолдау көрсетеді. 2007 жылдан бастап ол Қазақстанның жетекші жеке университеттерінің бірі болып табылатын Нархоз Университетін дамытуға жүйелі түрде инвестиция салуда. Болат Өтемұратов сонымен қатар Қазақстандағы Haileybury мектептерінің негізін қалаушылардың бірі болып табылады. Мектептер тәуелсіз Британдық мектеп білімі дәстүрінде кең бейінді  гуманитарлық білім береді. 2025 жылдың қазан айында Haileybury Astana мектебінде білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқыту сапасын арттыру және жасанды интеллект, инженерия мен робот техникасы салаларында әлемдік деңгейдегі кадрларды даярлау жөніндегі жүйелі жұмыс шеңберінде ғылымды, технологияны, инженерияны және математиканы (STEM) пәнаралық форматта біріктіретін заманауи SciTech Hub - жаңа буындағы білім беру орталығы ашылды. Жобаның құны 3,4 млрд теңгені құрады. Барлық түскен қаражат кадрлық әлеуетті дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және университет пен мектептердің білім беру сапасын арттыруға қайта инвестицияланады.

2023 жылдың желтоқсанында Kazakhstan Growth Forum сараптамалық кеңесінің тәуелсіз мүшелері Болат Өтемұратовқа әлеуметтік саладағы көрнекті жобалары үшін «Жыл меценаты» сыйлығын берді. 2024 жылдың маусым айында Болат Өтемұратов қоры Қазақстандағы АҚШ Сауда палатасының (the American Chamber of Commerce in Kazakhstan) «Қоғамға қызмет ету» санатындағы сыйлығын алды. Марапаттар Астанада өткен AmCham жыл сайынғы рәсімінде тәуелсіз комиссияның дауыс беру нәтижелері бойынша анықталды. 2025 жылы Болат Өтемұратов қоры «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын жүзеге асырғаны үшін Қазақстандағы АҚШ Сауда палатасының «Денсаулық сақтау» санатындағы марапатына ие болды. Сол жылы Қор Қосшыда көпфункционалды қауымдастық орталығын салғаны үшін «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік» аталымы бойынша EUROBAK Awards сыйлығының лауреаты атанды.

Жаңалықтар

Сурет

Бейне

Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер